20 қаңтарда сағат 15:00 кезінде «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» республикалық маңызы бар автокөлік жолының «Алматы-Павлодар» бағытындағы 17-18 шақырымында жүріп бара жатқан «MAN» ауыр жүк автокөлігінде өрт шықты. Көліктің тұтануы себебі электр сымдарының қысқаша тұйықтануына байланысты болып отыр.
Атап айтқанда «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» автожолының 17-45 шақырымындағы учаскесінде № 46 Жол пайдалану бөлімінің жұмыскерлері қызмет көрсетеді. Жанып жатқан «MAN» ауыр жүк автокөлігін байқап қалған қызметкерлер дереу Өрт сөндіру қызметіне хабарласып, көліктегі алаулаған өртті сөндіруге кірісті. Жол жұмысшылары өрттің көліктің басқа тіркемелеріне таралмауы үшін тиісті әрекеттер жасады. 10 минуттан кейін келген Өрт сөндіру қызметінің сарбаздары өртті толығымен ауыздықтады.
Баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, дер кезінде көмек көрсетілгені үшін «Қазақавтожол» РМК-ның Қарағанды облыстық филиалы тарапынан жол мамандарына алғыс айтылды.