«Республикалық мемлекеттік кәсіпорындарға тоқталсақ, 2017 жылы олар бойынша таза кіріс 6 млрд теңгеге қысқарды, ал шығындары біршама артты», - деп тоқталды Н. Годунова.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенаттағы талқылау кезінде Наталья Годунова квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерін басқару тиімділігін қадағалау жеткіліксіз екенін сөз етті. Бұл тұрғыда оларға бөлінген қаржының уақтылы игерілмеуі байқалуда.
«Бұл ретте сенаторлар біз жыл сайын квазимемлекеттік секторды қолдауды жалғастырып келе жатқанымызды айтқан болатын. Ал мемлекеттің экономикалық мәселелерін шешуде салынған ресурстарға қайтарым қаншалықты сәйкес келетіндігі шынымен де сұрақ тудырады», - деді Н. Годунова.
Өз кезегінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жыл сайын қозғалатын проблеманың бірі - ол квазимемлекеттік субъектілердің шоттарындағы қалдықтарға қатысты екенін растады.
«Өткен жылы бюджеттік заңнамаға толықтыруларға сәйкес, осы субъектілердің шоттарында қалыптасқан қалдықтар үнемдеуге жатқан жағдайда, әрі қарай пайдалануға мүмкіндіктері бар. Бірақ, бұл норма мәселені түбірлі шешпей отыр. Былтырғы Бюджет кодексіне енгізілген өзгертулерге сәйкес, енді квазимемлекеттік субъектілерге қаражатты бөлу қаржы-экономикалық негіздемеде анықталған бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру мерзімдері бойынша атқарылады. Қазіргі кезде бюджет рәсімдерін жетілдіру тобының жұмысында көп жылдар бойы пайдаланылмай, квазимемлекеттік субъектілері шоттарында жатқан қаражаттарды бюджет кірісіне қайтару нормасы талқылануда», - деп түйді Бақыт Сұлтанов.