Республикалық олимпиаданың қалалық кезеңіне 600 астам елордалық оқушы қатысты

АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - Астанада 15 жалпы білім беретін пән бойынша республикалық олимпиаданың үшінші (қалалық) кезеңі аяқталды, оған 610 елордалық оқушы қатысты. Бұл туралы astana.kz сайтына «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығынан хабарлады.

Олимпиада №66 мектеп лицейінің базасында химия, биология, физика, математика, география, информатика пәндері, №6 гимназияда қазақ тілі және әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, құқық негіздері, тарих, орыс тілі және әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, ағылшын, неміс, француз тілдері бойынша өткізілді. Айта кетейік, олимпиадаға жалпы білім беру ұйымдарынан республикалық олимпиаданың ІІ кезеңінде І және ІІ орын алған 610 оқушы қатысты.

Қазылар алқасының құрамына елордалық жетекші ЖОО 62 ғалымы енді. I және II турлардың қорытындысы бойынша 38 оқушы бірінші, 81-і екінші және 128-і үшінші орын алды. Олимпиаданың мақсаты Астана қаласының білім ұйымдарында оқитын дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдаудың біртұтас жүйесін қалыптастыру, жеке пәндер бойынша жоғары деңгейлі қабілеттілігі бар балаларды оқыту және тәрбиелеу болып табылады.