Республикалық «Отбасы және мектеп» шарасы аясында Алматы полицейлері оқушылармен кездесті

АЛМАТЫ. Сәуірдің 12-сі. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Республикалық «Отбасы және мектеп» шарасы аясында Алматы полицейлері оқушылармен жалпы құқықтық кездесу өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, заң оқу орындарының оқытушылары мен ҮЕҰ-дың өкілдерінен жасақталған арнайы топ, Алматының орта мектептерін аралап шықты. Оқушылармен тілдесу барысында олардың құқығы жайында түсіндіріліп, құқық бұзылушылық пен қылмыстың ерекшелігі және жасөспірімдер арасында жиі орын алатын қылмыс жайында әңгіме қозғалды.

«Жасөспірімдер арасында жалпы құқықтық жұмыстарды мектеп қабырғасында өткізген дұрыс. Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандардың қылмысы азайғанын көруге болады. Қоғамдық тәртіпті қадағалайтын полицияның мектеп инспекторлары арқасында жағдай тұрақтанып отыр», дейді Алматы ІІБ қоғамдық қауіпсіздік басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімнің аға инспекторы, майор Майя Беласарова.

Естеріңізде болса 2007 жылы Алматыдағы барлық мектептерде полицияның инспектор институты құрылған болатын. Соңғы екі жылда кәмелетке толмағандардың қылмысы едәуір азайған. 2008 жылдың соңында қылмыстың мөлшері 12,5 пайызға төмендесе, 2009 жылы 5,2-ге азайған.