Республикалық Спорт медицинасы орталығы Алматыдан Астанаға көшірілмек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыдағы Спорт медицинасы орталығы Астанаға қоныс аударады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

«Дамыған спорттық медицина үлкен додаларда сәтті өнер көрсетудің маңызды құрамдасы болып табылады. Шынын айтқанда, Қазақстанда спорттық медицина жоғары деңгейде емес. Қазіргі кезде министрлік бұл үдерістегі шараларды қолға алды»,-деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, осы жұмыстың аясында Алматыдағы медициналық даярлық орталығын Астанаға көшіру қарастырылып жатыр.

«Себебі, барлық маңызды оқиғалар елордада өтеді. Қазіргі кезде Білім және ғылым министрлігі желісі бойынша спорттық медицина мамандарын даярлауға қаржы бөлінуде»,-деді А. Мұхамедиұлы.