Салтанатты жиынға облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының өкілі Қайрат Арап қатысып, жеңімпаздарды құттықтап өтті.
«Республикалық «Айбын-2020» жастар жиынына қатысқан Арыс қаласының «Барыс» әскери-патриоттық клубы үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін ерекше айтты.
Мәселен, «Smart Sarbaz-2020» робот техникасы сайысында Әбдібек Қуаныш функционалы адам қолының мүмкіндіктерін көшіретін роботтандырылған аяқ-қолды таныстырды.
Қашықтан басқаруға болатын робот гидравликалық жетекші және гидростатикалық берілу мүмкіндігін пайдаланады. Қазір 9 келіге дейінгі салмақты көтере алатын құрылғы, жетілдірілсе 50 келіге дейін көтеруге мүмкіндік пайда болады.
Жоба толық аяқталса, оның көмегімен оқ-дәрі, мина тазарту, снарядтарды немесе басқа да ауыр заттарды тиеу немесе түсіру сияқты күрделі жұмыстарды орындай алатын қабілетке ие болады.
Сайыс нәтижесінде, төрешілер әзірлеме авторының еңбегін жоғары бағалап, Әбдібек Қуаныш І орынды жеңіп алды.
Енді «Барыс» әскери патриоттық клубын алда әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстар, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша конкурс және «Брейн-ринг» финалдық ойыны күтіп тұр.
Айта кетейік, екі айға созылған «Айбын» әскери-патриоттық Республикалық жастар жиынына онлайн-форматта 15 адамнан тұратын 39 команда қатысты.
Олар әскери қолданбалы спорт түрлері, интеллектуалдық және шығармашылық жұмыстар бойынша өзара сайысқа түскен болатын.
Жарыстың жеңімпаздары әлеуметтік желілердің көмегімен дауыс беру арқылы анықталған.
«Барыс» әскери патриоттық клубы он күннің ішінде 8,5 млн қаралым, 98 мың лүпіл, 72 мың қолдау пікірге ие болған еді.