Республикалық жедел-құтқару жасағы жоғалған туристерді Құмбелсу шатқалынан тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда 2 қараша күні үш турист екі күн бұрын «Молодежный» шыңына шығып, белгіленген уақытта үйлеріне қайтпай қалғаны хабарланды. 2 қарашада сағат 09 сағат 55 минутта Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші-диспетчерлік қызметіне жоғалған азаматтың жұбайынан қоңырау келіп түсті. Ақпаратты алған сәттен бастап, жасақтың 1 техникасы және 6 құтқарушыдан тұратын жедел тобы Кіші Алматы шатқалына қарай бет алды, деп хабарлайды ҚР ІІД ТЖК баспасөз қызметінен.

Құтқарушылар тобы жолдың нашар және техниканың өтуі қиын болғандықтан техниканы және 1 құтқарушыны РЖҚЖ-ның жедел кезекшілігімен байланысқа шығу үшін қалдырып, ары қарай жаяу баруларына тура келді. Жоғарыға шығу кезінде «Т-1» ауданында құтқарушылар жолдан кездескен туристерден сұрастырып және сол аймақта орналасқан ғимараттарды іздестірді. «Казселденқорғау» станциясы Мыңжылқы шатқалы ауданында жоғалған туристер туралы ақпарат расталмады. Сонымен қатар «Т-1» ауданы жіті тексеріліп, осы аумақтан жоғалған адамдардың орналасқан іздері табылмады.

Кешке қарай РЖҚЖ-ның кезекші бөліміне өтініш беруші әйелден туристердің байланысқа шыққандығы туралы қоңырау келіп түсті. Ауа температурасының төмендеуінен, қою туман салдарынан, көру қашықтығы 10 метрден аспай және өздерінің тауға шыққан жолдарынан адасып кеткен. Келіп түскен ақпаратқа сәйкес, олардың Құмбелсу шатқалында екендігі анықталды. Уақытты үнемдеу мақсатында 6 құтқарушыдан тұратын екінші жедел топты және бір техниканы іздестіру орнына жіберілді. Құтқарушылар тобы аз уақыт ішінде ауданда орналасқан «Альпийская роза» демалу орталығына іздестіруге кірісті. Тауға шығу және іздестіру жұмыстары ауа райының қолайсыздығымен және күннің қараюына байланысты қиындай түсті. Жоғалған азаматтар түн жарымында табылды. Азаматтар қатты шаршаған және тоңып қалған. РЖҚЖ жедел құтқару тобы уақытты созбай көмек көрсетті. Азаматтар медициналық көмектен бас тартты. Таңғы 6-ларда зардап шеккендер қалаға жеткізілді. Құтқару операциясы 20 сағаттай уақытты алды. Жеке құрамнан 12 адам және 2 техника жұмылдырылды. РЖҚЖ қызметкерлері 3 адамды құтқарды.