Республикалық желіде нормативтік жағдайға сәйкес келетін жолдардың үлесі 90 пайыз болды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 11 мың шақырымнан астам автожолда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, республикалық желі бойынша нормативтік жағдайға сәйкес келетін жолдардың үлесі – 90 пайыз, жергілікті желіде бұл көрсеткіш 80 пайыз шамасында.

«Биыл жалпыға ортақ пайдаланылатын 11 мың шақырымнан астам автожолда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде республикалық желі бойынша 4 мың шақырым жолда құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары қамтылған. Шамамен 3 мың шақырым жолда күрделі және орташа жөндеу іске асырылып отыр», - деді Қ. Өскенбаев.

Министрдің сөзіне қарағанда, жергілікті желі бойынша жөндеудің барлық түрлерімен 4,6 мың шақырым автожол қамтылған. Республикалық бюджеттен автожол саласын дамытуға 2022 жылға 603 млрд теңге бөлінді.

Айта кетейік, 2025 жылы республикалық желі бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 100 пайызға дейін жеткізілмек.