Республикамызда 18 жасқа дейінгі балалардың саны 5 млн-ға жуық ? Ж. Түймебаев

АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Республикамызда 18 жасқа дейінгі балалардың саны 5 млн-ға жуық.

Олар ел халқының үштен бір бөлігін құрайды. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында «Қазақстан балалары» бағдарламасының жүзеге асуы жайында баяндама жасаған ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өкінішке қарай, еліміздегі балалардың 148 мыңнан астамы даму мүмкіндіктері шектеулі жандар болып отыр. Сонымен бірге, қазіргі таңда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар саны 46 мыңнан асты. Қолайсыз отбасылар ретінде есепке алынған 12 мыңға жуық отбасында 18 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ, жыл сайын ата-аналық құқығынан айырудың 1 мыңға жуық оқиғалары орын алады», деді Ж. Түймабаев. Министрдің айтуынша, еліміздегі балалар жағдайын жақсартуға бағытталған «Қазақстан балалары» бағдарламасы 2007 жылы қабылданған. Бағдарламаның мақсаты ? балалардың өмір сүру сапасын әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз ету арқылы жақсарту болып табылады. Сонымен бірге «Қазақстан балалары» бағдарламасы 2 кезең бойынша іске асады. Мемлекеттік бюджет есебінен осы мақсаттарды жүзеге асыруға 10,5 млрд. теңге қарастырылған. Бұның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген қаражат 2,5 млрд. теңгені құрап отыр.