Республикамызда 2454 әкім сайланды - ОСК

АСТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Республикамызда 2454 аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ және кент әкімдері сайланды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.

Еске салсақ, ҚР Перзидентінің Жарлығына сәйкес, ағымдағы жылдың 5-9 тамыз аралығында еліміздің 14 облысында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтері, ауылдық округтердің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың 2457 әкімінің сайлауы өтті. «Барлығы 2454 әкім сайланды. Үш ауылдық округте жеңімпаздар анықталған жоқ. Себебі таңдаушылардың дауыстары тең бөлінді. Аталған әкімшілік аумақтық құрылымда тамыздың 28-інде қайта сайлау өткізіледі», - деді Қ. Тұрғанқұлов.

Оның айтуынша, сайлау науқаны барысында барлығы 7173 әкімдікке кандидат ұсынылып, 6738-і тіркелді. Дауыс беру бюллетеньдеріне 6403 кандидаттың тегі енгізілді. Орташа алғанда бір әкім лауазымына екіден аса үміткер қатысқан. «Сайлауға жалпы республика бойынша таңдаушылардың (мәслихат депутаттарының) 98,3 пайызы қатысты», - дейді ОСК төрағасы.