Көліктік бақылау комитетінің хабарлауынша, бүгінгі күні республикамызда 70 техникалық байқау орталықтары (ТБО) жұмыс істейді. Бұл орталықтар 163 техникалық байқау желісінен, яғни 70 мобильді, 93 стационарлық желіден тұрады.
17 ақпандағы мәлімет бойынша, 52 030 автокөлік құралдары техникалық байқаудан өткізілген.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы 17 қаңтарда Көлік және коммуникация министрлігінде өткен баспасөз қызметінде ағымдағы жылғы бірінші тоқсанда елімізде 214 техникалық қадағалау желісі бар 90 техникалық байқау орталықтары ашылатыны айтылған еді.
Автокөліктердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында оларға техникалық байқау жүргізу жеке орталықтардың қарауына берілді. Атап айтқанда, осы техникалық байқаудан өткізудің жаңа тәртібі дамыған елдердің тәжірибесіне негізделіп отыр. Техникалық байқаудан өткізудің мерзімі мен автокөліктер параметрлерін тексерудің талаптары бұрынғы қалпында қалады.
Айта кетейік, техникалық қадағалаудың қабылданған жаңа жүйесі аясында тексеруден өтуге негізделген құжаттар 8-ден 3-ке дейін қысқарды. Сонымен қатар, 2012 жылдың қаңтарынан бастап көліктерді техникалық байқаудан тіркелген аумағына қарамастан кез келген орталықта өткізуге болады.
Мұнымен қоса, аталған орталықтардың көрсеткен қызмет сапасына жауапкершілік деңгейі бекітілді.