13:08, 21 Мамыр 2009
Республикамызда осы уақытта алдын ала жоспарланған дәнді дақылдардың 30 пайызы себілді ? А.Күрішбаев
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Республикамызда осы уақытта алдын ала жоспарланған дәнді дақылдардың 30 пайызы себіліп үлгерді.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Қарағанды облысында болған сапарында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сапар барысында Қарағанды облысының егіс алқаптарын аралаған министр мемлекеттің қолдауының арқасында биыл егін егу жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқандығын атап өтті. «Біз республика көлемінде биылғы жылға жоспарлаған дәнді дақылдардың 30 пайызын сеуіп үлгердік. Ал майлы дақылдардың 84 пайыздан астамы, көкөніс пен картоптың 80 пайыздан көбі егілді. Еліміздің оңтүстігі мен батысында бұл бағыттағы жұмыстар тіпті аяқталуға таяу», - деді министр.Оның айтуынша, қазір республиканың солтүстік өңірлерінде шаруашылық саласының мамандары егін науқанына жаппай кірісуде. «Биылғы жылы егінге ауа райы да қолайлы болып отыр. Осыған орай егін бітік шығады деуге толық негіз бар. Оның үстіне биыл аймақтағы техникаға қажетті жанар-жағар май жақсы дайындалып, мемлекет тарапынан алғаш рет тыңайтқыштар арзандатылған бағамен берілді. Осыған орай қазір елімізде топырақты тыңайтуға көңіл бөліп отырған шаруашылықтар саны артуда. Ал бұл өз кезегінде астықтың сапасын арттыруға игі ықпал етеді», - деді А.Күрішбаев.