Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Құрылыс және коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.
«Бүгінгі күні республиканың 15 өңірі жылыту маусымына көшті. Ауа райы қолайлы болғандықтан Оңтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымын бастау кейінге қалдырылып отыр»,- деді ол.
Агенттік төрағасының айтуына қарағанда, 28 қазандағы жағдай бойынша белгіленген қуаттың 100 Гкал/сағатқа дейінгі 415 мың қазандықты жылыту маусымына дайындау аяқталған.
Сондай-ақ 736 шақырым жылу трассасы, 1840 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері, 46372 шақырым электр беру желілері жөнделген. Жаңа оқу жылы қарсаңында 10202 оқу орындарының, 7178 - денсаулық сақтау, 539 әлеуметтік нысандар жылыту маусымына толығымен дайын болды, - деді С. Нокин.
Сонымен қатар тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындауға ерекше назар аударылған. Әкімдіктердің деректері бойынша 38468 тұрғын үй жылу энергиясын қабылдауға әзір.