Республиканың басым бөлігінде ауа райының тұрақсыздығы күтілуде

АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық ағындар ықпалымен ауа райының тұрақсыздығы күтілуде, кей жерлерде өткінші жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды, ұйытқыған жел соғады.

Бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасап, ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Ақмола, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, күндіз Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында кей жерлерде 15-20 м/с-қа жел соғады деп күтілуде, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында - кей жерлерде шаң көтеріліп, дауыл тұрады.

Жамбыл облысында, Алматы, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде қатты ыстық болады деп күтілуде. Республиканың батысында, солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, оңтүстігінде және орталығында кей жерлерде төтенше жоғары өрт қаупі сақталады.

Жақын тәуліктерде республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және шығысында жекелеген таулы өзендерде су деңгейінің көтерілуі күтілуде. Бұқтырма өзенінің бассейнінде және оның тармақтарында (ШҚО) көп мөлшерде қар еруіне және жаңбыр жаууына байланысты су деңгейінің көтерілуі жалғасады, өзен тасуы және су деңгейінің көтерілуі мүмкін. Қазақстанның қалған сулы нысандарында гидрологиялық тәртіпте айтарлықтай өзгерістер күтілмейді.