Республиканың білім беру мектептері арасында «Чек талап ет - Патриот бол» акциясы өтеді

АСТАНА. 27 қазан. ҚазАқпарат. Ағымдағы жылдың 1 қарашасы мен 1 желтоқсаны аралығында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен республиканың білім беру мектептері арасында «Чек талап ет - Патриот бол» акциясын өткізеді,

деп хабарлайды ҚР ҚМ Салық комитетінің баспасөз қызметі.

Аталған акция бірінші рет өткізіледі және өсіп келе жатқан жеткіншектер арасында салықтық білімді және мәдениетті, патриотизмді арттыруға, сондай-ақ көлеңкелі экономика көлемін қысқартуға бағытталған.

Акцияға республиканың барлық жалпы білім беру мектептерінің 1-ші сыныптан 11-ші сыныпқа дейінгі оқушылары қатыса алады. Оқушылардың белсенді қатысуы республиканың барлық тұрғындарын акцияға тартады, сондай-ақ бақылау-касса машиналарының чектерін неғұрлым көп жинаған сыныптарға жүлделер беріледі.

Белсенді қатысушыларды бастапқы іріктеу бақылау-касса машиналарының чектерін неғұрлым көп жинаған сыныптарды анықтау арқылы аудандық деңгейде жүргізілетін болады. Бұл ретте бұл кезеңде ауыл және аудан мектептерінің санаттарынан екі аса белсенді сыныптар анықталады.

Аса белсенді облыстық қатысушыны іріктеудің екінші кезеңі іріктеудің бастапқы кезеңінің нәтижелері бойынша анықталған акцияға белсенді қатысушының деректемелері (аудан, облыс атауы, литер, мектеп нөмірі көрсетіле отырып, сынып) көрсетіле отырып, билеттер орналастырылатын лотерея барабанын іске қосу арқылы облыстық деңгейде өткізіледі.

Акцияның екінші кезеңінің барлық қатысушылары облыс, Астана, Алматы қалаларының салық департаменті бастығының құрмет грамотасымен марапатталады.

Одан басқа, екінші кезеңде қатысушыны бағалы жүлдемен марапаттауды көздейтін «Облыстың (қаланың) аса белсенді ауыл мектебі» қосымша аталымы жасалады. Бұл аталымның жеңімпазы бақылау-касса машиналарының чектерін неғұрлым көп жинаған ауыл мектебінің сыныбы болады.

Акцияның республикалық жеңімпазын анықтаудың үшінші кезеңі республика астанасында - Астана қаласында өткізіледі. Бұл кезеңде бақылау-касса машиналары чектерінің санына қарай қатысушыларды 3-санатқа топтау өткізіледі. Содан кейін жеңімпазды (1, 2, 3-орындар) анықтау үшін қатысушылардың әрбір санатына лотерея барабаны іске қосылады.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен жеңімпаздарға мынадай жүлделерді ұсынады:

бірінші орын алған сыныптарға - Астана қаласына экскурсия түріндегі жолдама;

екінші орын алған сыныптарға - компьютерлік техника;

үшінші орын алған сыныптарға - спорттық құрал-жабдық.