Республиканың оңтүстігі мен батысында күн ашық болады, кей жерлерде шаңды дауыл тұрады, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында кей жерлерде жел 15-20 м/с-қа дейін күшейіп, бұршақ жаууы мүмкін. Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарында, күндіз Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде желдің екпіні 15-22 м/с-қа жетеді, Қызылорда және Атырау облыстарында шаңды дауыл көтеріледі. Күндіз Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Маңғыстау, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде аптап ыстық болады. Республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, батысының кей жерлерінде, солтүстік-батысында және орталығында өте жоғары өрт қаупі сақталады.
Таяудағы тәуліктерде республиканың оңтүстігіндегі, оңтүстік-шығысындағы және шығысындағы тау өзендерінде су бетінің құбылуы байқалады. Іле өзенінде Қапшағай су қоймасына келетін ағын көлемінде елеулі өзгеріс болмайды.