Ақмола, Павлодар, Қызылорда облыстарында кей жерлерде тұман түседі. Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады. Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде тұман түседі, желдің күші 15-20 м/с-қа жетеді. Ақтөбе облысында түнде кей жерлерде 18 м/с-қа дейін жел күшейіп, жаяу борасын болады. Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарында күндіз желдің күші 15-20 м/с-қа дейін жетіп, Қарағанды облысында бұрқасын көтеріледі. Алматы облысында кей жерлерде тұман түседі, Жалаңашкөл ауданында желдің күші 15-20 м/с-қа дейін жетіп, күндіз желдің ұйтқуы 25 м/с-қа дейін күшейеді.
Таяудағы тәуліктерде Қайраққұм су қоймасынан келетін су мөлшерінің ұлғаюы есебінен Сырдария өзенінде Шардара су қоймасына ағын бірте-бірте арта түсуі күтілуде. Қазақстанның оңтүстігіндегі, оңтүстік-шығысындағы және шығысындағы өзендерде су деңгейінің құбылуы байқалады. Республиканың оңтүстігіндегі және оңтүстік-шығысындағы кейбір өзендерде мұз қабатының одан әрі әлсіреуі күтілуде.