Республиканың соттарына мәслихаттар сайлауына қатысты 6 талап-арыз түсті

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін, сағат 15.00-дегі деректер бойынша, республиканың соттарына мәслихаттар сайлауына қатысты 6 талап-арыз түсті.

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

Ресми өкіл келтірген мәліметтер бойынша, осы уақытта 5 талап-арыз қаралуда, 1-еуін қараудан бас тартылды. «Себебі  талап-арызда көрсетілген мәселелер азаматтық іс-жүргізу тәртібінде қаралуға жатпайды. Яғни талап-арыз берген адам мемлекеттік басқару органының лауазымды тұлғасын тәртіптік жауапқа тарту туралы мәселе қойған. Ал мұндай мәселені сот шешпейді. Тәртіптік жауапқа тарту мәселесін жауапқа тартылатын тұлғаның басшылығы шешеді»,-деді.

Н.Сүйіндіков атап көрсеткендей, талап-арыздың үшеуі Шығыс Қазақстан, қалған үшеуі Оңтүстік Қазақстан облыстарынан түсті.