Бұл туралы бүгін Астанада Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты аудандық, қалалық және облыстық құрылмдар басшыларының қатысуымен басталған семинар-кеңесте ведомство басшысы Владимир Божко мәлім етті.
«Бүгінде су қоймаларындағы адам өлімдері қатерлі ауқымға ие болып барады. Мәселен, осы күнге дейін елдегі су нысандарында 1 355 адам апатқа ұшырады, оның 351-і мерт болды. Әрбір адам өмірі еліміздің үлкен құндылығы және оларды белсенді, жас шағында жоғалту өкінішті. Әрине, өлім көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда аздап азайды. Бірақ, бұл көрсеткіштің алдағы уақытта да төмендеп отыруына ықпал етуіміз керек. Жағымды динамика жоқ. Бізде апта сайын 40-қа жуық адам суға кетеді. Ағымдағы жылы болған қайғылы оқиғалардың дені Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының су қоймаларында болды. Ең көп су нысандары осы өңірлерде орналасқанын түсінемін. Дегенмен, жұмыс істеу керек», - деп қадап айтты министр.
Божконың айтуынша, су қоймаларындағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептері - құтқару құралдарының болмауы, нысандар иелерінің қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарауы және алкологольге мас күйінде жеке бастың қауіпсіздігін сақтамау.
«Бірақ, қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін бізден де ешкім алған жоқ. Қалалық және аудандық құрылымдардың барлық басшылары алдын алу және ақпараттық жұмыстарды белсендірек жүргізуі керек. Себебі, суға батып кеткендердің басым көпшілігі шомылу қарастырылмаған жерлерде мерт болды. Яғни, қауіпсіздік жауапкершілігі сіздерге жүктелген аумақтарда», - деді ол.
Сондай-ақ кеңес барысында мәлім болғандай, Төтенше жағдайлар министрі В.Божко, елдегі барлық акваторийлерге типтік төлқұжат әзірлеуге бұйрық шығарған. «Бұл - су нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды әзірлеуге негіз бермек. Бірақ мұндай төлқұжатты тек Жамбыл облысы бойынша ТЖД ғана орындап, бізге жолдады. Басқалары арнайы нұсқауларды тосып отыр. Арнайы нұсқауларды тоспаңыздар дегім келеді, себебі, олар қатаң сөгістермен жетуі мүмкін», - деп түйіндеді сөзін министр.