Республиканың үш облысында автоқозғалыс тоқтады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарындағы республикалық маңызы бар жолдарда автоқозғалыс тоқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысында ауа райының нашарлауына байланысты (бұрқасын, жолдың дұрыс көрінбеуі) таңертеңгі сағат 09.00-ден бастап барлық автокөлік түрлері үшін: «Омбы-Майқапшағай» күре жолының  756-900 шақырым аралығы (Семейден Қалбатауға дейін),  сондай-ақ   «Өскемен-Семей» тас жолының 154-198 шақырым аралығы (Шүлбіге бұрылатын жолдан Семейге дейін) жабық.

Алматы облысында ауа райының бұзылуына (бұрқасын, жолдың дұрыс көрінбеуі) «Үшарал-Достық» күре жолының 83-184 шақырым аралығына (Көктұмадан Достыққа дейін) барлық көлік түрлері үшін шектеу енгізілді.

Қарағанды облысында (бұрқасын, жолдың дұрыс көрінбеуі)  Қарағанды қаласынан Балқашқа дейінгі «Екатеринбург-Алматы» жолының 1492-1858 шақырым аралығы қоғамдық және жүк көліктерінің қозғалысына жабылды.