Экскурсия аясында балалар Мемлекет басшысының қызметімен тығыз байланысты орындарға саяхат жасайды. Атап айтқанда, 30 қазан - 4 қараша күндері Ақмола, Қарағанды және Павлодар облысының жас өрендері елордаға келеді және Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облысының балалары Алматы мен Үшқоңырға барады.
Айтулы саяхатқа Қазақстанның 6 өңірінен 13-17 жас аралығындағы 480 оқушы жиналды. Астанаға келген жас саяхатшылар ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорын, кітапханасын және музейін, Бейбітшілік және келісім сарайын, «Астана-Бәйтерек» монументін және Назарбаев Университетін аралайды.
«Сіздер - Қазақстанның келешегісіздер. Бұл саяхатқа Сіздерді арнайы іріктеп жіберуі де тегін емес. Мемлекет басшысының өмір жолына қызығушылық танытатындарыңызды білемін және бүгін тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдары қалай өткенін, ел астанасын ауыстыру туралы маңызды шешімдердің қалай қабылданғанын көру мүмкіндігі туып тұр», - деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директорының кеңесшісі Әлия Қайшарова ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасына келген оқушыларға.
Өз кезегінде, Алматыға аттанған балалар Елбасы білім алған Қарасай батыр мектебіне, ҚР Тұңғыш Президентінің музей-үйіне, Алматы облысындағы «Батыр бабалар» мемориалдық кешеніне және Орталық мемлекеттік музейге барады.