Реванш болғаннан кейін, «Астана арландары» есе қайтаруға міндетті

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Сонымен, ертең, 14 қаңтар күні «Астана арландары» командасының жігіттері "Los Angeles Matadors" клубының боксшыларымен қайта кездесіп, есе қайтарып көрмек. WSB - Бүкіләлемдік бокс сериясының «А» тобындағы алғашқы кездесуін «арландар» осы клубтың спортшыларымен өткізіп, 2:3 есебімен ұтылған болатын. Ендігі реванштық жұдырықтасудың нәтижесі қандай болмақ?

Осы сауалға нақты жауап беру қиын. Себебі екі команданың құрамында өзгерістер болып, осы жолғы жарысқа мүлдем басқа боксшылар келіп отыр. Дегенмен, біз "Los Angeles Matadors" құрамасының қауқарын бағамдап, «Астана арландары» командасының ертеңгі жекпе-жектеріне болжам жасап көрелік.

Бүгінде "Los Angeles Matadors" клубының басшылығы «Астана арландарын» өзінің негізгі қарсыласы ретінде қарастырып отыр. Себебі «А» тобы бойынша жалпы есепте 15 ұпайы бар "D&G Milano Thunder" командасы бірінші орында тұрса, екі  кездесуде жеңіп, үшеуінде жеңіліс тапқан "Astana Arlans" («Астана арландары») 10 ұпаймен екінші орында келеді. Ал олардан 1-ақ ұпайы кем қалған "Los Angeles Matadors" бүгінде үшінші орынға табан тіреп отыр.

Қарсылас команда «Астана арландарымен» өткізген бірінші кездесудің есебін (2:3) ескере отырып, бұл жолы есеп айырмасын барынша өз пайдасына асыруды көздеп отырған сияқты. "Los Angeles Matadors"  клубы бұған дейінгі жеңісіне қарамастан, Астанаға алып келген командасын толығымен жаңартып, арландарға қарсы кілең чемпиондарды шығарып отыр. Олардың басым бөлігі - легионерлер. 54 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін жасөспірім Джоет Гонсалес қана - Калифорнияның азаматы. Ал төрт легионердің ішінде Беларусияның бес дүркін чемпионы Сергей Корнеев, Грузияның үш дүркін чемпионы Заал Квачатадзе, Украинаның екі дүркін чемпионы Леонид Мальков сияқты былғары қолғап шеберлері бар.

Сонымен, жекпе-жектерге тоқталатын болсақ, алғашқы кездесу кезінде арландық Данияр Тоқбаев американдық Джоет Гонсалеске қарсы шығатын болады. Негізі, Д.Гонсалес 2010 жылы жасөспірімдер арасындағы чемпионатта жеңімпаз атанып, АҚШ-тың ұлттық чемпионатында финалға дейін жеткен болатын. Ол WSB - Бүкіләлемдік бокс сериясы бойынша шаршы алаңға алғаш рет шыққалы отыр. Астанадағы жекпе-жек оның «дебюты» деуге болады. Ал біздің Данияр Тоқбаевтың «дебюты» Италияның Милан қаласында болған. Сол кезде ол Пикарди деген боксшыдан ұтылса да, жұдырықтасудың нақышын көрсете білді. Тәжірибесі бар спортшы Астанадағы бокс мектебінің түлегі. Сондықтан осы жолғы жекпе-жекте ол өз жерлестерін жерге қаратпайды деген сенім бар.

Осыдан кейін, 61 келі салмақ дәрежесінде Мерей Ақшалов Украинаның екі дүркін чемпионы Леонид Мальковпен жұдырықтаспақ. Бұған дейін украиндық боксшы біраз сындардан өтіп, талай рет қазақ жігіттерімен шаршы алаңда кездескен еді. Мәселен, былтыр Николай Мангердің құрметіне арналған Украинадағы халықаралық турнирде Л.Мальков қазақстандық Ғани Жайлауовты 4:5 есебімен ұтты. Ал Астана қаласында өткен Халықаралық бокс турнирінде Украинаның құрама командасы Қазақстаннан оңбай жеңілген болатын. Есеп - 10:1. Сол кезде жалғыз Л.Мальков ғана өз командасына бір ұпай алып берген. Біздің Мерейіміз де осал емес. Оның да жеңістері көп. Бұл жекпе-жек аса тартысты болатын сияқты.

Команда капитаны Қанат Ислам болса, Грузияның үш дүркін чемпионы, 2011 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Заал Кватчатадземен күш сынасып көрмек. Негізі, осы уақытқа дейін Қанат Ислам сүрінген жоқ. «А» тобындағы алғашқы жекпе-жекте «Астана арландары» «Los Angeles Matadors» құрамасынан 2:3 есебімен ұтылған кезде екі жеңістің бірін сыйлаған осы - Қанат. Үшінші раундта ол Рассел Ламурды нокаутқа жіберген еді. Осы жолы Қанатымыз бұл «дәстүрден» жаңылмайды деп сенеміз.

Ал ауыр салмақ дәрежесінде біздің легионеріміз, өзбек азаматы Рамзжон Ахмедов беларустық Сергей Корнеевпен кездеседі. «Беларус хаммері» атанып кеткен ол - 91 келіге дейінгі салмақта 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына лицензия ұтып алған Беларусияның жалғыз боксшысы. WSB тобында алғашқы кездесуін сәтті бастаған оның бүгінгі дайындығы да жаман емес. «Беларустың хаммерін»   «арландық» Рамзжон Ахмедов тоқтатып көрмек. Айтпақшы, «Астана арландары» «Los Angeles Matadors» командасынан ұтылған кезде Рамзжон Ахмедов те шаршы алаңға шыққан болатын. Бірақ команда капитаны Қанат Ислам өз қарсыласын жеңсе, Рамзжон Ахмедов украиндық Вячеслав Шабранскийден ұтылған еді. Бұл жолы Беларусияның бес дүркін чемпионы, 2011 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Сергей Корнеевті жеңу қиынға соғатын сыңайлы. Дегенмен, үміт бар.

Соңғы жекпе-жекті аса ауыр, яғни 91 келіден жоғары салмақта қазақстандық Руслан Мырсатаев «Los Angeles Matadors» командасының легионері, марокколық боксшы Мохаммед Арджауймен бақ таластырып көрмек. Астанада өткен таразылау рәсімі кезінде Р.Мырсатаевтың салмағы 99,9 келіні көрсетсе, М.Арджауй 112 келіге дейін тартты. Байқап қарасақ, қарсыластың салмағы Русланнан 12 келіге артық. Дегенмен, Р.Мырсатаев бұл басымдықты техникамен еңсере алады деген сенім мол.

Жалпы, бұл турнир аса тартысты өтеді. Себебі екі жақты боксшылардың да дайындығы жоғары. Біздіңше, осы жолы да есеп таразысы ала-құла болатын сияқты. Әрине, біздің боксшылар жеңуге міндетті. Өйткені бұл - реванш, өз үйімізде өтетін дода болғаннан кейін, есе қайтармасақ болмайды.