Алматы полициясының мәліметінше, рейд барысында азаматтардың жеке басын анықтап, ақпараттық есептер бойынша тексереді және қажет болған жағдайда тиісті көмекке бағыттайды.
Жыл басынан бері «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығына 388 адам жеткізілді. Оның 54-і одан әрі көмек алу үшін орталықта қалды. Қалғандары тексеру мен алғашқы медициналық қарап-тексеруден кейін ұсынылған көмектен бас тартқан.
– Учаскелік инспектордың міндеті – көшеде жүрген адамды анықтаумен ғана шектелмейді. Оның жеке басын анықтап, қандай көмекке мұқтаж екенін түсіну және негіз болған жағдайда тиісті қызметтерге бағыттау маңызды, – деді Алматы полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
Осылайша, қоғамдық қауіпсіздікке төнетін ықтимал қатерлердің алдын алып, құқық бұзушылықтарға дер кезінде тосқауыл қоймақ.
Еске сала кетсек, Абай облысында түнгі рейд кезінде 409 жасөспірім полицияға жеткізілді.