Рейдерлікке, бөтеннің меншігін тартып алу жолдарына тосқауыл қою қажет
19:11, 17 Тамыз 2010
АСТАНА. Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат - Рейдерлікке, бөтеннің меншігін тартып алуға тосқауыл қою қажет. ҚР Президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада құқық қорғау органдарын реформалау мәселесіне арналған кеңесте айтты.
Елбасы бәрінен бұрын қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселесінде табанды түрде алға жылжу қажет екенін айта келе, бұл бағытта заңнама даярланатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы бұл заң жобасында экономикалық саладағы қылмыстарға айрықша назар аудару керектігін айтып өтті.
Мұнымен қоса Президент рейдерліктің, бөтеннің меншігін тартып алу жолдарына тосқауыл қою керектігін қадап айтты. Сонымен қатар кәсіпкерлерді тексеруге құқылы мемлекеттік органдардың тізімін қысқарту қажет.
Елбасының пайымдауынша, бұл шаралар бизнестің мемлекетке деген сенімін арттыруға және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын көтеруге мүмкіндік береді.