«Бұл істі зерттеу кезінде осы рейспен ұшуы тиіс болған 27 жастағы елорда тұрғыны анықталды. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы 1-бөлігі «ұсақ бұзақылық» және 73-2-бабы «ұрып-соғу» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. «Ұрып-соғу» бабы бойынша толтырылған хаттама сотқа жолданады, ол сотта қаралады», - деп мәлім етті Астана қаласының әуежайындағы желілік полиция бөлімінен.
Еске салайық, 25 ақпан сағат 5:40-қа жоспарланған Астана - Шымкент КС-7307 әуе рейсі күн райының қолайсыздығына байланысты кейінге қалдырылып, одан әрі тоқтатылды. Азаматтық авиация комитетінің дерегінше, келтірілген қолайсыздықтар үшін заңнамаға сай жолаушыларға салқын сусындар мен ыстық тамақ таратылған. Сондай-ақ, өтініш білдірген барлық жолаушылардың билет құны қайтарылды.