Рейсті жиі кешіктіретін ТОП-3 себеп

Фото: Pixabay

Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі статистикалық ақпаратты қолдана отырып, рейстерді кейінге қалдырған ТОП 3 себепті анықтады, деп хабарлайды Kazinform.

11-15 желтоқсан аралығында Астана халықаралық әуежайынан ішкі және халықаралық бағытта 341 рейс орындау жоспарланған.

Осы аптада елордада қолайсыз ауа райы орнап, термометр бағаны — 30 градус аязды (желдің әсерімен -44) көрсетті.

Салдарынан жоспарланған рейстің 152-сі түрлі себеппен кешіктірілді.

Бірінші себеп: Ұшақтың Астана халықаралық әуежайына кеш келуі. Осындай себеппен 5 күн ішінде 96 рейс кешіккен. Яғни әуе компанияларының ұшақтары Астанадан белгілеген бағытқа ұшпас бұрын, онан алдыңғы рейстен кеш келеді де, ұшақты қайта жарақтау, тазалау, жанар-жағармай құюға біраз уақыт жұмсап, белгіленген уақытта ұшуға үлгермей жатады.

Екінші себеп: Ұшақты қардан не мұздан тазарту, мұзға қарсы сұйықтықпен өңдеуге ұзақ уақыт қажет болғандықтан 17 рейстің уақыты өзгерген. Астана халықаралық әуежайында мұзға қарсы сұйықтықтың 2 түрі қолданылады. 

Үшінші себеп: Жайсыз ауа райы. 11-15 желтоқсан аралығында ауа райы қолайсыз болып, елорда әуежайындағы 12 рейс кешіккен.

Рейстің кейінге қалдырылуына не кешігуіне себеп болатын жағдайлар әртүрлі. Мәселен 5 күн ішінде 10 рейс ұшақтағы түрлі ақауға байланысты кешіккен. Көп жағдайда ұшақ қозғалтқыштары дер кезінде іске қосылмай қалған.

Бұл тізімге рейске белгіленген ұшақтың ауысуы, экипаж мүшелерінің толық болмауы, жолаушыларды отырғызу кезінде қайта түгендеу, тізімді нақтылау сияқты өзге де себептерді қосуға болады.

Астана — Ұлан Батордан кейінгі әлемдегі ең суық астана. Сондықтан қолайсыз ауа райында рейстер кешігеді. Алайда барлық жолаушы «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңының 86-бабында тасымалдаушының рейс болмаған немесе кідірген кездегi жолаушы алдындағы жауапкершілігі негізінде өзіне тиесілі қызметтерді толығымен алуға құқылы.