АСТАНА. ҚазАқпарат - Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен рейтингтік турнирде қазақстандық қос балуан жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Рейтингтік турнирдің үшінші жарыс күнінде әйелдер күресінен 72 келі салмақта Жәмила Бақбергенова жеңімпаз атанды.
Бұл салмақта балуандар айналмалы жүйе арқылы сынға түсті. Жәмила Италия, Канада, Моңғолия қспортшыларын жеңіп, финалға жолдама алды.
Финалда алғашқы белдесуінде жеңген италиялық Далма Ганевамен тағы кездесіп, одан 3:1 есебімен басым түсіп, жеңімпаз тұғырына көтерілді.
Ал грек-рим күресінен Аманғали Бекболатов (55 келі) финалда румыниялық Денис Михайды ұтып, ел қоржынына алтын жүлде салды.
Ел құрамасынан Мұхамедали Мамырбек (63 келі) қола жүлдегер атанды.
Бүгін, 16 шілдеде балуандар грек-рим күресінен 67, 72, 77, 82, 87, 97 және 130 келіде жүлделерді сарапқа салады.
Еске салсақ, бұдан бұрын еркін күрестен рейтингтік турнирде Қазақстан қоржынына күміс медаль түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.