«Алдыңғы саммитте Солтүстік Кипр түркі республикасы байқаушы мәртебесін алды. Осы тарихи шешім үшін рахмет айтамыз. Осы шешіммен түркі әлемі баршаға мынаны көрсетті – Кипр түркілері оқшауланып қалса да, жалғыз емес екендігін бүкіл әлемге көрсеттік. Біздің міндетіміз – бірлестікте жұмыс істеу. Кипр түркілері түркі отбасының ажырамас бөлігі. Келесі саммитте Солтүстік Кипрдің түркі республикасын ұйымға байқаушы ретінде көреміз деген үміттеміз», - деді Түркия басшысы.
Бұдан кейін ол Түрікменстан тарабына талайдан бері айтылып жүрген ұсынысты еске салды.
«Тағы да қайталап, баса айтқым келеді. Біздің байқаушы-мүшеміз Түрікменстанды толыққанды мүше ретінде көргіміз келеді. Біздің негізгі ұранымыз: «Біздің бірлігіміз – біздің күшіміз». Түркі әлемін әртүрлі салаларда неғұрлым күшейткіміз келеді. Сондай-ақ, әртүрлі сынақтарға неғұрлым төзімді әрі бейімделгіш еткіміз келеді. Біз басшылар ретінде түркі әлемін бірлік пен ынтымаққа қарай бағыттауымыз керек», - деді Түркия президенті.
Еске салайық, бүгін Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтіп жатыр.
Жиынға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттері ұйымға мүше мемлекет басшылары ретінде, Мажарстан Премьер-министрі мен Түрікменстан басшысы бақылаушы елдің басшылары ретінде қатысуда.
ТМҰ саммиті «Түркі дәуірі» ұранымен өтеді.
Бүгін Сыртқы істер министрлігінде Түркі мемлекеттері ұйымының сыртқы істер миинстрлері кеңесінің жабық отырысы өтті.
Шарада ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Израиль-ХАМАС қақтығысындағы Қазақстан ұстанымын айтты.