РФ-да қарақшылық үшін 12 жыл бойы іздеуде жүрген қазақстандық ұсталды

АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Жуырда халықаралық келісім аясында Ақмола облысына РФ Калинград облысынан 12 жылдан астам уақыт бойы іздеуде жүрген 1979 жылғы қылмыскер экстрадицияланды.

Бұл туралы Ақмола облысы ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарланды.

2000 жылдың қыркүйегінде Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Көкшетау-2 стансасының 21 және 22 жастардағы екі тұрғыны Зеренді ауданының Ақкөл ауылына жақын орналасқан «Ақкөл» жанар-жағармай стансасына шабуыл жасады. Олар күш қолданумен қоқан-лоққы көрсету арқылы 11 мың теңге мөлшерінде қаражатты жамбастарына басқан.

ҚР ҚК-нің 179 бабы. 2 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция ізін суытпай шабуыл жасағандардың бірін ұстады, оған қатысты «қамауға алу» бұлтартпау шарасы қолданылды. Оның сыбайласы ізін суытып үлгерді, дегенмен оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.

22 жастағы жігіт 5 жылға түрмеге тоғытылды, ал оның сыбайласы халықаралық іздеуге жарияланды.

12 жыл өткеннен кейін жедел-іздестіру шарасын өткізу барысында полицейлер күдіктінің ізіне түсті. Оны ұстау үшін жедел уәкілдер РФ - ның Калинград қаласына шықты.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу абақтысына қамалды.