Бүгінгі таңда ержүрек қазақ батырының есімі мен оның ерлігі Невель қаласының әрбір тұрғынына танымал. Ыбырайым Сүлейменов 1941 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылған еді. Ол жүзінші қазақ атқыштар бригадасының құрамында Мәскеу маңындағы ұрыстарға, Великий Луг пен Невельді жаудан босату операцияларына қатысты.
Старшина Ы. Сүлейменов 289 фашистің көзін жойды. Мерген 1943 жылдың 15 қазанында Изоча стансасының маңында қаза тапты. Дәл осы ұрыста 100-ші атқыштар бригадасы тағы бір талантты батыр қыздан - пулеметші Мәншүк Мәметовадан айырылған еді.
Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, Ыбырайым Сүлейменов Ленин орденімен марапатталды. Сол жылы Невельдің екі көшесі жерлестеріміздің есімімен аталатын болды.
Мемориалды тақтаның салтанатты ашылу рәсіміне қала тұрғындары, мектеп оқушылары мен Қазақстаннан келген делегация қатысты. Кішігірім митингіден соң жиналған қауым Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоғырларын қойып, әскери даңқ мұражайы мен жергілікті мектеп-гимназиясына барып қайтты.
Ыбырайым Сүлейменов есімін қайта жаңғырту ұсынысын «Майдан жолы» іздестіру отрядының мүшелері жасаған еді. Бұл игі істі «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ (ҚЭЗ) президенті Алмаз Ибрагимов пен Еуразиялық Топтың жетекшілері толығымен қолдап, патриоттық жобаны қаржыландыруды өз қолына алған болатын.
- Ыбырайым Сүлейменов жайлы газет беттерінде жазылып, кезінде ұлы ақын Жамбыл Жабаев оған өлең жолдарын арнаған болатын. Ол жойған жаудың саны бойынша әлемнің жүз таңдаулы мергенінің қатарына енген. Бүгінгі таңда осындай құрметті тұлғаны есімізге алу - біздің борышымыз, - деді митинг барысында ҚЭЗ вице-президенті Жұмабек Камзин.
Сондай-ақ, «Батырлар жолымен» патриоттық жобасы аясында Невельдегі Әбілқайыр Баймолдин алаңында полковниктің қола мүсіні орнатылды. Оның салтанатты ашылу рәсімі ертең, 7 мамыр күні болмақ. Бұл жерде ҚЭЗ базасында құрылған «Майдан жолы» отрядының іздеушілері алаңда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жасап, 600-ден астам кеңес сарбазы жерленген қаланың орталық әскери зиратын жөнге келтірді. Барлық жұмыстар Невельдің әкімшілігі мен тұрғындарымен бірлесе атқарылды, деп хабарлады «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ баспасөз қызметі.