ОРАЛ. 29 наурыз. ҚазАқпарат - 30 наурыз күні БҚО-мен көршілес Саратов облысы Озинки ауданында Наурыз мейрамы кеңінен атап өтілмек.
Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов бастаған БҚО делегациясы қатысады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, Озинкидің орталық алаңында болатын Наурыз мейрамына Саратов облысының аудандары мен қалаларынан делегациялар келмек. Ұлттық киім киген әжелер шашу шашып, Қыдыр ата батасын береді. Театрландырылған көрініс қойылады. Жиналған жұртты әз Наурызбен Саратов облысының губернаторы Валерий Радаев пен Серік Шәпкенов құттықтайтын болады. Әр аудан тіккен киіз үйлердің және ұлттық тағамдардың байқауы, өнер сайысы мереке шырайын аша түспек. Күрестен, армрестлингтен, кір тасын көтеруден мықтылар сынға түсетін болады.
Орталық алаңдағы концертте Саратовтың шығармашылық ұжымдарымен қатар Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармонияның әртістері де өнер көрсетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).