Бірінші орынды ресейлік атлетшілер алса, үшінші орынды АҚШ командасы қанағат тұтты.
Турнирдің жабылу рәсімінде сөз сөйлеген Шешен Республикасының ауыр атлетика федерациясының президенті Магомед Қадыров спорттың осы бір түрінен жарыстың жоғары деңгейде өткенін айта келіп, барлық қатысушыларға ризашылығын білдірді. Өз сөзінде осы турнирде жаңа рекорд орнатқан Қазақстан тарапына алғысын айтты.
Айта кету керек, бұл халықаралық турнирдің алғашқы күні Қазақ елінің намысын қорғаған Илья Ильин ғана серпе көтеруде және қос сайыс нәтижесінде әлем рекордын орнатқан еді.
Ал кеше 105 келіден жоғары салмақтағы зілтеміршілер өз күштерін сынға салды. Ресей спортшысы, екі дүркін әлем чемпионы Руслан Албегов жеңімпаз болды. Ол серпе көтерудің бірінші жаттығуында 235 келіні көтеріп, алтын жүлдені иеленді. Одан кейін өзінің отандасы Алексей Ловчевтің АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен Ауыр атлетикадан әлем чемпионатында орнатқан (264 келі) рекордын жаңартуға бел байлады. Сөйтіп, Руслан Албегов екінші мүмкіндігінде 265 келіге тапсырыс берді. Екі рет талпынып көріп еді, алайда, бұл салмақ оған әзірге бағынбады.
Айта кету керек, жарыстың соңғы күні әйелдер арасында 75 келіден жоғары салмақ бойынша қазақстандық Александра Аборнева ел намысын қорғап, күміс жүлдені иеленді.
105 келіден жоғары салмақтағы ерлердің бәсекесіне қатысқан қазақстандық үш спортшы Дмитрий Каплин, Ибрагим Берсанов және Селимхан Абубакаров жүлде алмағанмен, халықаралық турнирде лайықты өнер көрсеткенін айта кеткен жөн.