РФ Сыртқы істер министрі С. Лавров Қазақстанға келеді

АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ақпанның 21-22-сі күндері Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қазақстанға сапары өтеді. Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ресей сыртқы саясат ведомствосы басшысының сапары бағдарламасында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін біздің еліміздің басшылығымен кездесулері жоспарланған», деді А. Әбдірахманов.

Оның айтуынша, сапардың күн тәртібіне екі жақты ынтымақтастыққа, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы көпжақты іс-қимылға қатысты өзекті мәселелр енгізіліп отыр. «Сапардың өзектілігі Қазақстан мен Ресей арасында қол жеткізілген ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ екі ел арасындағы көп қырлы байланысты дамыту, құрлықтағы саяси тұрақтылық мәселесін шешу мүмкіндіктерін кеңейту, екі елдің барлық бағыттағы мүмкіндіктерін толық ашу қажеттілігімен түсіндіріледі», деді ресми өкіл.