Kazinform агенттігіне берілген ресми жауапта Алматыдағы «РФММ» КеАҚ филиалы уақытша қашықтықтан оқуға жіберілгені хабарланды. Себебі 12–13 қазан аралығында мектеп оқушылары арасында жедел ішек инфекциясының белгілері тіркелген.
— 14 қазандағы жағдай бойынша 47 оқушы Балалар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, стационарлық ем қабылдап жатыр. Тағы 6 оқушы интернаттың медициналық оқшаулау бөліміне орналастырылып, дәрігерлердің бақылауына алынды. Орын алған жағдайдың себептері қазіргі уақытта анықталып жатыр. Ауруханаға жатқызылған оқушыларға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамаларына сәйкес ем тағайындалды, — деп мәлімдеді мектеп әкімшілігі.
Сонымен қатар мектеп ғимараты мен мектеп-интернатта дезинфекциялау жұмыстары жүргізілген. Ал ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес, мектеп-интернаттың және ас блогының жұмысы уақытша тоқтатылған.
— Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 14–16 қазан аралығында оқу сабақтары онлайн форматта өтеді. Интернатта қалған оқушылар ата-аналарына немесе жақын туыстарына тапсырылады. Жағдай мектеп әкімшілігі мен тиісті мемлекеттік органдардың бақылауында, — делінген РФММ жауабында.
Еске салайық, бұған дейін РФММ мектебінің 47 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен емханаға жатқызылғаны белгілі болды.