«РИА Новости» агенттігінің Астанадағы өкілдігінде Еуразиялық сарапшылар форумының таныстырылымы болды

None
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Ресейдің «РИА Новости» халықаралық ақпарат агенттігінің Астана қаласындағы өкілдігінде Еуразиялық сарапшылар форумының таныстырылымы болды.

«Аталмыш жобаны біз қазақстандық әріптестермен осыдан бір жыл бұрын бастағанбыз. Қазір осы бастаманың негізгі бөлігі аяталуға таяу. Бүгін біз Еуразиялық сарапшылар форумын құру туралы арнайы меморандумға қол қойдық. Бұл жобаға Еуропалық Одақ пен ТМД-ның 11 елінің өкілдері мен 15-ке жуық сарапшылық құрылымдар кіріп отыр», - дейді жобаның таныстырылымын ұйымдастырушылардың бірі, Мәскеу мемлекеттік университетінің Ақпараттық-сараптамалық орталығының Бас директоры Алексей Власов.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде интернет, жаһандық ақпараттық кеңістік деген ұғымдар бола тұра осы саланың мамандары бір-бірін жақсы тани бермейді. Мысалы, Қазақстан мен Ресей Кедендік одақ мүшелері және олар бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыруға ұмтылып отыр. «Соған қарамастан ресейліктер қазақстандықтар туралы көп біле бермейді. Ал қазақстандықтар ресейліктер туралы молынан хабардар. Әзірбайжан, Қырғызстан сияқты елдер туралы да осындай мәліметтер келтіруге болады. Қорыта келгенде, біз уақыт өткен сайын бір-бірімізден алшақтап барамыз. Осы үдерісті тоқтату үшін және ықпалдасу үдерісі тек экономикада ғана емес, әлеуметік-мәдени, гуманитарлық бағытта да жалғасын табу үшін осындай қадамға барып отырмыз»,-деді А.Власов.