АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 8-ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарт (Германия) WTA 500 турнирінде өткен жылғы чемпиондық атағын қорғай алмайды.
Еліміздің көшбасшы теннисшісі оның орнына Billie Jean King Cup командалық әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайды.
Германиядағы айтулы додада алғашқы ондыққа кіретін Елена Рыбакина мен америкалық Мэдисон Кизден басқа маңдайалды теннисшілердің бәрі бақ сынайды.
Штутгарт жарысы 14-21 сәуірде өтеді. Оған қатыспағандықтан, Е.Рыбакина рейтингілік 500 ұпайынан айырылады. Соған қарамастан, теннисші Қазақстан құрамасына көмектесуді жөн көрді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогында Елена Рыбакина бастаған теннисшілердің ел намысын қорғайтынын жазған болатынбыз.
Қазақстан құрамасы D тобында 10 сәуірде Аустралиямен, бір күннен кейін Колумбиямен сынға түседі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).