ЛОНДОН. KAZINFORM – Әлемнің 3-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко иығынан алған жарақатына байланысты Уимблдон турниріне қатысудан бас тартты. Теннисші әлеуметтік желідегі парақшасына осындай шешімге келгенін жеткізді.
«Ойнай алмайтынымды бәріңізге үлкен өкінішпен хабарлауға мәжбүрмін. Турнирге барынша дайын болуға тырыстым, бірақ бүгін жаттығу кезінде өз командам бұл ойын жағдайымды күрделендіре түсетінін түсіндірді», деп жазды теннисші.
Бұдан бұрын А.Соболенко Берлиндегі жарыста Анна Калинскаямен матч кезінде де бәсекеден бас тартқан еді.
Беларусь теннисшісінің орнына Уимблдонда іріктеу сайысынан өте алмаған ресейлік Эрика Андреева өнер көрсетеді.
Ол алғашқы айналымда америкалық Эмина Бектаспен кездеседі.
Қазақстандықтар Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваның Лондондағы матчтары 2 шілдеге белгіленген.
Өткен жылы Уимблдонда жартылай финалға дейін жеткен А.Соболенко биыл да әлемнің 1-ракеткасы, поляк қызы Ига Швентек бастаған фавориттер қатарында аталған еді.
2023 жылы Аустралия ашық чемпионатының финалында белоруссиялық теннисшінің қазақстандық Елена Рыбакинаны жеңіп кеткені белгілі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдон турнирінде қазақстандықтардың мүмкіндігі қандай екендігін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).