Риддер прокуратурасы қоғамдық қабылдау ашты
Бақылау ведомствосының түсіндіруінше, олар прокуратураға түскен риддерліктердің арыз-шағымдарын бірнеше ай бойы зерттеген. Арыздардың көбі мемлекеттік ұйымдар немесе коммуналдық кәсіпорындардың қатысуын талап ететіндігі анықталды. Прокуратура қала тұрғындарына мейлінше жедел әрі біліктілікпен көмек көрсету үшін арыз-шағымдардың ұжымдық қаралуын қолға алуды шешті.
«Көп жағдайда қала тұрғындары әр мемлекеттік органдардың қызметін түсінбестен, өз мәселелеріне жауап іздеп бір мекемеден екінші мекемеге бара береді,- дейді Риддер прокуроры Саид Аймұхан. - Оның шешімі - аптасына бір рет прокуратурада түрлі мемлекеттік орган қызметкерлері мен коммуналдық кәсіпорын өкілдері және т.б. қатысуымен қоғамдық қабылдау күнін өткізу. Прокуратура қабылдауға келген әр адамның сұрағына жауап берілуін қадағайды».
Қоғамдық қабылдауға алпысқа жуық риддерлік келіп үлгерді.