Риддер тұрғынынан қару-жарақ арсеналы тәркіленді
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Учаске» жедел алдын алу шарасын жүргізіп жатыр. Мұндағы мақсат – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңсыз айналымдағы атыс қаруларды анықтау.
Шара барысында полицейлер Риддер қаласында 46 жастағы ер адамның үйін тексеру кезінде заңсыз сақталған қару-жарақ арсеналын тапты. Нақты айтқанда, 9 мм калибрлі қолдан жасалған тапанша, Калашников және «ППШ» автоматтары, «ТТ» маркалы тапанша, «Тирэкс» маркалы тапанша-пулемет, Ф-1 оқу гранатасы, екі пневматикалық қару мен оқу-дәрілер тәркіленді. Бұл қарулар заңсыз әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін.
«Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабы (қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.