ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Риддер ЖЭО-ны сатып алған компанияның жылу энергетикасында үлкен тәжірибесі бар.
«Бұл компания Астана мен Қарағанды қалаларында жұмыс істейді. ЖЭО-ны сатып алу сомасы коммерциялық құпия. Жаңа инвестор жұмысқа кірісіп кетті. Ол Риддерде қортқы көмір өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Себебі бұл өнім бүкіл әлемде және Қазақстанда сұранысқа ие. Оны өндіру кезінде қазандық агрегаттарын жағу үшін қолданылатын газ бөлінеді», - дейді облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев.
Оның айтуынша, қортқы көмір өндірісінде суды жоғары температурада 95 градусқа дейін қыздырады, оны жылу желісінде қолдануға болады.
«Жаңа меншік иелері «Қазмырыш» кәсіпорнымен де іскерлік әріптестік орнатуға ниетті. Олар металлургиялық ЖШС үшін де қортқы көмір өндіруге дайын. Ал артық қалғаны Қытайға экспортталатын болады. Қортқы көмір шығаратын зауыт құрылысының тағы бір артықшылығы - бұл экологиялық компонент, өйткені қортқы көмір өндірісінде күл шықпайды», - дейді Е.Нұрбаев.
Еске салсақ, кеше Риддердегі жылу электр орталығының иесі ауысқаны хабарланған.