Риддер жылу орталығы жеке меншіктен мемлекет иелігіне өтті
Риддер қаласындағы жылу электр орталығы жеке меншіктен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның балансына ауысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Риддердегі жылу электр орталығының қысқа дайындығы - 80 пайыз. Жөндеу жұмыстары аяқталған үш қазандықта гидравликалық сынақ басталады.
ШҚО әкімдігінің мәліметінше, үйлерге ыстық су қыркүйек айының соңында беріледі. Үш қазандықтың қуаты қаланы жылытуға және сыртқы температура режимі -10 градус болған кезде жеткілікті болмақ.
Ал барлық алты қазандық 15 қарашаға дейін іске қосылады.
«Бүгінгі таңдағы басты жаңалықтардың бірі - «Риддер ЖЭО» АҚ қалалық әкімдікке қарасты «Водоканал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына сенімгерлік басқаруға ауысты. Алдағы уақытта орталықты мемлекеттік меншікке беру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Бұл жұмыс шамамен 2 айға созылады. Жөндеу жұмыстарынан басқа, қажетті мамандар жұмысқа қабылданып жатыр. Риддерде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де өтті», - дейді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
18 қыркүйектен бастап «Қазмырыш» кәсіпорнының 55 қызметкері ЖЭО-ға келіп, жұмыс істеп жатыр.