Риддер жылу орталығында отын жоқтығы қаншалықты рас
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығында отын жоқтығы жайлы ақпарат шындыққа жанаспайтын болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Соңғы күндері БАҚ-та және әлеуметтік желіде Риддердегі жылу орталығында отын жоқтығы жайлы ақпарат тарап жатыр.
Орталық басшылығы бұны жоққа шығарды. Қазір ЖЭО жеке меншіктен қала әкімдігіне қарасты «Риддер су арнасы» КММ балансына берілген.
«Риддер ЖЭО-да отын жоқтығы туралы қауесет тарады. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Бүгін орталықта 20 күнге жететін көмір және мазут қоры бар», - дейді «Риддер су арнасы» КММ басшысы Константин Хан.
26 тамыздағы жағдай бойынша ЖЭО-да орташа қысымдағы бірінші қазандық іске қосылған. Қала әкімі Дәулет Батырбаевтың айтуынша, №3-ші қазандыққа да от жағылған.
«Отынға мазут қоспасын пайдаландық. Бұдан кейін ыстық сумен шаямыз да, оны ары қарай желіге жібереміз. Бумен жылытқыштар, құбырлар жаңа болғандықтан, бұл көп уақыт алмайды. Жүйе қызған соң қалаға ыстық су беріледі. Алдымен әлеуметтік нысандарға, яғни балабақша, мектеп пен ауруханаларға», - дейді ол.
Күн суытқан сайын риддерліктердің үйлеріне жылу беріле бастайды. Бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар нысандарға қосылады.