Риддерде «Абай жолын» қылқаламмен өрнектеген 88 жастағы қарт тұрады
Екінші дүниежүзілік соғысқа Кеңес билігінің араласуы бәрінен де одақ құрамындағы алман ұлтының өкілдеріне ауыр тигені белгілі. Бірінші кезекте саяси сенімсіз топ ретінде солар ішкеріге жер аударылған болатын. Дәл осындай құқайды Юрий қарттың отбасы 1943 көрді. Украинаның Донбасс өңірінен Аягөзге әкелініп, Сталин кеңшарына орныққанда Юрий қаршадай бала еді. Ер жеткен соң Семейден жоғары білім алады. Болашақ педагогты Абай әлемі осы кезде баураса керек. Аягөз қазақтарынан ақынның нақылдарын естіп өскен Юрий Хабаров Семейдегі музейде ақын өміріне тікелей қатысы бар жәдігерлерді көріп, біржола зерттеуге кіріседі. Осы ой оны М.Әуезовтың роман-эпопеясын түпнұсқада оқуға да итермелеген. Сайын сахарада жатып-ақ, алман ұлтының Гетедей ақынын аударғанын білгенде Абайдың ғұламалығына тәнті бола түседі.
88 жастағы қария қолынан әл кеткенге дейін осы машығын тоқтатпақ емес. Соның арқасында бүгін оның мұрағатында ақын өмірінен сыр шертетін, майлы бояумен және акварельмен салынған 100-ден астам сурет сақтаулы тұр. Алғашқы 29 суретті өзі құрған музей әр данасын 7000 теңгеден сатып алып, жәдігерлер қатарына енгізіпті. Мұражайдың қазіргі директоры Гүлнәр Бәкібаева осы суреттерді алып Абай ауданы мен Семей қаласында көрме өткізгендерін еске алды.
Мұражайдағы суреттерді көріп М.Әуезовтің «Абай жолы» романына саяхат жасағандай күй кештік. Абай тақырыбына адал суретшінің өзімен тілдескіміз келіп, үйіне іздеп бардық. Кәріліктен қаусап отырған қарт Абай әлемі жайлы әңгіме өрбігенде кәрі қыранша қомданып шыға келді.
«Ол заманнан бізге жеткен фотосуреттер сирек қой. Абайдың әйгілі портреттері де шыға қоймаған кез. Алғашында өзім салған бейнелер ойдан туындағандықтан, «осы қалай болар екен» деген күдік маза бермеді. Содан өзім салған суретке қарап алып, «Абай жолындағы» портреттік мәтіндерді оқимын. Істеп жүргенім бекер емес екеніне өзімді осылай сендірдім. Кейін белгілі суретшілер Абайдың бейнесін сомдай бастады. Осы кезде «түпнұсқадан» алшақ кетпегеніме көзім жетті де түбегейлі Абай тақырыбына тұрақтадым. Кейде М.Әуезов романынан алған кейіпкерлерім Аягөздегі ауылдастарыма ұқсап кететін», - дейді Ю.Хабаров.
Суретші салған дүниелері іздеусіз қалар деп уайым шекпейтінін айтады.
«Бұл суреттерді мен атымды шығарып немесе пайда табу үшін салған жоқпын. Тек өзім үшін сыздым. «Абай айтқандай, «өз сөзім өзімдікі».
Өмірінің жартысын қазақтың бас ақынын бейнелеуге арнаған қария альбомдарын кезек-кезек қолына алып, әр суретті қалай салғанын баяндап ат берді.
«Абай мен Гетені байланыстырған қандағы тектілік пен дегдарлық шығар. Мұндай қасиет екі ұлтта да бар. Кезінде Абай Гетеге тамсанып, өлеңін аударса, мен Абайға тамсанып оның ортасын сурет қылып сыздым. Саясат бізді өмірге өгей еткенде, құшағын ашқан қазақтың мейірман көңіліне деген ризашылықтан туды бұл еңбектер. Мені адам еткен, білім беріп, өсірген қарт Семей мен бала-шағым қалған Аягөзді сағынғанда альбомдағы өзім салған суреттерді жиі ақтарамын», - дейді қария.