Риддерде итін полицейлерге айтақтаған ер адам сотталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Риддер қаласында итін полицейлерге айтақтаған ер адам 1 жарым жылға бас бостандығынан шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Риддер қалалық сотында қаралған сот ісінің материалдарынан белгілі болғандай, ер адам көшеде итін серуендетіп жүргенде оны полиция қызметкерлері тоқтатқан. Сақшылар оған ұрлық жасау қылмысына күдікті ретінде полиция бөлімшесіне баруға тиіс екендігін жеткізеді. Қала тұрғынының үстінен өгей әкесі арыз жазған.

«Ер адам өгей әкесінің арызды қайтарып алғанын, полицейлер үйге барса оның бұл сөзінің растығына көздері жететіндігін айтты. Алайда есікті ашқан өгей әкесі арызды қайтарып алмайтынын алға тартқан. Сол кезде тәртіп сақшылары күдіктіге өздерімен бірге бөлімшеге жүруін талап етеді», - делінген ақпаратта.

Бірақ құқық қорғау органы қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған азамат оларға итін айтақтаған. Полицейлерге шабуыл жасаған ит біреуінің қолын тістеп алады. Жануарды сүйреп әкетпек болған екінші сақшы да зардап шекті. Содан соң ит қашып кеткен. Полицейлер Риддер қаласының тұрғынын уақытша ұстау изоляторына қамауға алды.

«Медициналық сараптама нәтижесі көрсеткендей, айыпталушы мас күйде болған. Өз кінәсін толықтай мойындаған ол полиция қызметкерлерінен кешірім сұрады. Сот шешімімен сотталушы бір жарым жылға бас бостандығынан шектелді», - делінген сот үкімінде.