Риддерде қорықтан шыққан өртке найзағай себеп болған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддердегі қорықта шыққан өрт өшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 17 маусымда Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы аумағында, нақты айтқанда Риддер қаласынан 80 шақырым қашықтықта, жетуі қиын таулы әрі орманды жерде өрт шыққан болатын.

Өрт Чернушка өзені мен Прямой бұлағы қосылатын орманды алқапта шығып, сол жердегі ағаштар жанған.

Жалынды сөндіруге ТЖД-дан, шекарашылар және орманшылардан 58 адам мен 9 техника жұмылдырылды.

Тілсіз жаудың таралуы 18 маусымда сағат 6.45-те тежелді.

«Бүгін сағат 14.00-де өрт толықтай сөндірілді. Қызыл жалынның жалпы аумағы 6 гектарды құрады», - делінген ақпаратта.

Алдын ала болжам бойынша от тұтануына найзағай себеп болған.

Еске салсақ, осыған дейін Катонқарағай ауданындағы орман өрті толықтай сөндірілгені хабарланған.