Риддерде өнеркәсіптік нысанда топырақтың ластануы мен заң бұзушылықтар анықталды

Фото: instagram.com/imstalcon_temirtau/

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Риддер қаласында жоспардан тыс экологиялық тексеру барысында тау-кен байыту комбинатында топырақтың ластануы мен экологиялық ережелердің сақталмауы анықталды.

Экология департаментінің хабарлауынша, мамандар екі рет жоспардан тыс тексеру жүргізіп, ескі қалдық қоймасының тотықтырғыш тоғанындағы қалдықтардың рельефте жатқанын анықтады.

— Зерттеулер қалдықтар қоймасының маңындағы топырақтың ауыр металдармен ластанғанын анықтады. Оны аккредиттелген зертхана растады, — деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар, тексеру нәтижесінде экологиялық рұқсат талаптарының бұзылғаны, нақтырақ айтқанда, су қалдық бөгетінің бүйірінен өтіп, нәтижесінде жер бетінде ағын пайда болғаны белгілі болды.

— Су бөгеттен асып, жер бетіне жайылып жатқаны анықталды. Мұндай оқиғалар экологияға залал келтіру болып саналады және шара қолдануды талап етеді, — деп атап өтті ведомство.

Тексеру қорытындысы бойынша компания — «Шығыс Қазақстан тау-кен байыту комбинаты», «Қазцинк» ЖШС-не анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды. Серіктестік қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Экологиялық қызмет қоршаған ортаға кері әсерін тигізетін өндірістік нысандарға мониторинг жалғасатынын баса айтты.

— Біздің мақсатымыз — заң бұзушылықтарды жедел анықтап, одан әрі экологиялық залалдың алдын алу. Бұл салада мониторинг жүйелі жүргізіліп жатыр, — деп толықтырды ведомство.

Қалдық қоймасы аймағындағы жағдай уәкілетті органдардың бақылауында.

Еске салайық, Өскемен қаласында экологтар сары түсті қар жауғаны туралы ақпарат түскен соң тексеру жүргізді.