Риддерде орманда серуендеп жүрген 76 жастағы қария жоғалып кетті

РИДДЕР. ҚазАқпарат - Риддер қаласында құтқарушылар жоғалған ер адамды тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстың төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

15 шілде кешке Риддер қаласының құтқарушыларына ер адамнан Коноваловка ауылының маңында серуен кезінде 76 жастағы әкесі жоғалғаны туралы хабар келді.

16 шілде күні таңертең мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірге ақсақалды іздеуге кірісті.

Жол талғамайтын техника мінген және жаяу екі топ барлық жерді қарап шықты. Бұл жұмысқа жоғалған ер адамның ұлы да қосылды.

Омарталар, қараусыз қалған үйлерді сүзіп, адамдардан сұрастырды. Олар зейнеткер жоғалған жерден шамамен 5-6 шақырым радиуста жүріп өтті.

Олар келесі омартаға өтіп, өзенге қарай келгенде судың жанында отырған адамды көрді. Бұл жоғалған кісі еді. Ол өзі адасып кеткен жерден 2 шақырым жерде болған.

Қария өзінің адасып кеткенін түсінген кезде сол орыннан тапжылмай, өзін іздеген адамдарды күткен.

Күндізгі сағат 12-де іздеу операциясы аяқталды.

Табылған ер адамды медицина қызметкерлері қарап шықты. Оның жағдайы бірқалыпты.

«Қарттар көп жағдайда өзіне толық сенімді болады. Олар ауыл-аймақты ой-жықпылына дейін жақсы біледі, сондықтан ауылдан ұзап, бірнеше сағат серуендей береді. Бірақ әркім жолдан адасуы мүмкін. Дүрбелең - сіздің басты жауыңыз. Адасқаныңызды түсінген сәтте тоқтаңыз. Алға бір қадам жасамаңыз. Зарядталған телефонды өзіңізбен бірге ала кетуді ұмытпаңыз. Егер жоғалсаңыз, барлығына бірден қоңырау шалмаңыз, бірден «112» бірыңғай құтқару телефонын теріңіз. Егер алдыңыздағы жолды анық көрсеңіз, ол жағдайда сізді табу оңай болады. Орманға серуендеп барғанда ашық түсті киім киіңіз. Шағылысатын элементтері бар киім түнгі іздеу жұмысын едәуір жеңілдетеді. Жақындарыңызға орманда жүгіргіңіз келсе де, қайда және қанша уақытқа баратыныңызды айтуды ұмытпаңыз» деп ескертеді құтқарушылар.