ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Риддер қаласында көпқабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтерде өрт шыққан.
«Оқиға орнына шұғыл жеткен құтқарушылар барлау кезінде түтін тұмшалаған бөлмелердің бірінен ес-түссіз жатқан ер адамды тапты. №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Абылай Адасханов пен Асхат Смағұлов жедел жәрдем келгенге дейін оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Содан соң 1958 жылғы азамат ауруханаға жеткізілді», - делінген ақпаратта.
Бұдан бөлек, құтқарушылар көпқабатты үйден 11 тұрғынды, оның ішінде 1 баланы эвакуациялады. Көп ұзамай жалпы ауданы 25 шаршы метрге жеткен қызыл жалын ауыздықталды. Өрттің шығу себебі – темекі шегу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан болуы мүмкін.