ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында Орталық Азиядағы ең ірі тау шаңғысы курорты ашылады. Бұл жайлы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында қала әкімі Дмитрий Горьковой мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кәсіпқой спортшылар мен туристер үшін тау шаңғысы курорты ашылады. Жаңа кешен Анатау тауының төменгі бөлігінде орналаспақ. Келесі жылы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді бастаймыз», - деді ол.
Бұл Орталық Азиядағы ең ірі тау шаңғысы курорты болады деп күтілуде. Онда аспалы жолдар, қонақүй кешені болады. 4-ші буын шаңғы курорттарына қойылатын SKI-IN SKI-AUT талабы толықтай орындалады.
«Таңдалған жер Риддер қаласындағы теміржолдан 4 шақырымнан аспайтын қашықтықта, теңіз деңгейінен 850 метр биіктікте орналасқан. Кешен тек қыста емес, жыл бойы жұмыс істейді. Жазда жаяу және ат спорты туризмін, тау велосипедін, парапланеризмді дамыту көзделуде», - деді Дмитрий Горьковой.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.