Риддерде өртенген үйден әйел мен оның 2 баласы құтқарылды

None
РИДДЕР. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында өрт шалған жер үйден әйел мен оның 2 баласы құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 17 тамызда сағат 18.31-де Орджоникидзе көшесіндегі екіқабатты жеке тұрғын үйде өрт шыққан. Мұны байқаған көрші Вадим Бедаев бірден жергілікті ПИК-ке жүгіріп келіп, слесарьдан сүймен алды да үйде қалған әйел мен оның балаларына көмекке ұмтылды.

«Тағы бір көршілері Сергей Гребневпен бірге есікті бұзған ол түтін басқан үйге еңбектеп кіріп, 5 жасар баланы сыртқа алып шыққан. Содан кейін оқиға орнына жеткен құтқарушылардың бірі Дайырбек Дарханмен бірге жедел жәрдем келгенге дейін баланы аман алып қалу үшін алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысты. Сонымен қатар ПИК слесары Анатолий Бобожко баспалдақ қойып, үйдің 2-қабатына кірді де 26 жастағы әйелді алып шықты. Екі жасар екінші баланы өрт сөндіруші Шалқар Қонбаев құтқарып, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды», - делінген ақпаратта.

Көп ұзамай жалпы ауданы 24 шаршы метрді құраған қызыл жалын толықтай ауыздықталған. Қазіргі уақытта денелерін күйік шалған әйел мен оның екі баласы ауруханаға жеткізілді. Өрттің шығуына – отты абайсыз қолдану себеп болуы мүмкін.